Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылау

2018 жылдың 3-желтоқсан күні М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің №4 жатақханасы акт залында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды. Жиын «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасының оқытушыларының ұйымдастыруымен өткізілді. Кафедраның аға оқытушысы Ержан Жарқынбайұлы мақалаға байланысты баяндама жасап, өз ойын ортаға салды. Баяндамашы мақаласының дер кезінде жарияланғанына және оның төл тарихымызға оң көзқарас қалыптастыруда маңызы зор екендігіне тоқталды. Ол өз сөзінде қазақ жерінің түркі әлемінің алтын бесігі екенін, ұлы даладағы ежелгі металлургияның, қызғалдақтың отаны болып табылатынын тілге тиек етіп, ежелгі заманда біздің жеріміздегі дала өр­кениеті технологиялық тұрғыдан қарқынды дамығанын атап өтті. «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасының аға тәлімгері Тоева Меруерт қазақ жерінің  өзінің тарихи брендтерінің бар екеніне назар аударып, еліміз Еуразияның кіндігі ретінде әлемдік қауымдастық деңгейінде мойындалуы тиіс деген пікірін білдірді. Ол мысал ретінде, Ботай мәдениетіне сілтеме жасай отырып, оның брендке айналуы, оның танымалдығы тек шетелде ғана емес, ең алдымен ел ішінде артуы тиіс екендігіне тоқталды. Кездесу ашық талқылау форматында ұйымдастырылғандықтан студенттердің сұрақтарына жауап беріліп, қатысушылардың ой-пікірлері тыңдалды.